Жаңалықтар

October, 12

«СӨЗМЕРГЕН» көңілді тапқырлар сайысы

Алматы Менеджмент Университетінде «СӨЗМЕРГЕН» көңілді тапқырлар сайында нағыз сөз шеберлері тіл додасына түсті.

Тіл – барлық  ұлт өкілдерінің туыстық, достық қарым-қатынастарын тереңірек нығайтуға негіз болатын бірден-бір құрал.

«Тіл – бұлбұл, сөз – бұлақ», − дейді Шәкәрім.

Сөз туралы Бөлтірік шешен: «Сөз — тәтті, Сөз — ащы, Сөз — жеңіл, Сөз — ауыр, Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Сөзіңді ақылсызға айтып қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл», – деп толғайды. Сөз құдіретін студенттер бойына сіңдіру мақсатында 22 қыркүйек Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай «СӨЗМЕРГЕН» көңілді тапқырлар сайысы өтті. Сайыстың мақсаты: студенттерге қазақ сөз өнерінің құдіретін терең сезіндіру, қазақтың мақал-мәтелдерінің қолданыс аясын ұғындыру, сөздік қорларын молайту, ойды жеткізудегі сөз ұтымдылығын меңгерту, кез келген жағдаятта жылдам әрі нақты жауап беруге дағдыландыру.

Сайыс шарты бойынша әр топта 5 ойыншыдан 2 топ тіл додасына түсті. Олар «Талапкерлер» және «Жұлдызды менеджер».

Көңілді тапқырлар сайысына қазылық жасау үшін  деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Манапова Лаура Ертаевна, Қазақ және орыс тілі кафедрасының аға оқытушылары Жақыбаева Қалипа Аманбайқызы, Бейсембиев Болат Қалибайұлы арнайы шақыртылды.

Сайыс шартты түрде 5 кезеңнен тұрды. Әр кезең студенттердің қызығушылығын арттыруға және әрі қарай білмекке талпынуға арналған тапсырмалардан тұрды.

І кезең. «Сөз тапқанға қолқа жоқ...»;

II кезең. «Мақал — сөздің мәйегі»;

III кезең. «Кім жылдам»;

IV кезең.  «Ойлан, тап»;

V кезең. «Жағдаяттан қалай шығасыз?».

Сайыстың барлық кезеңінің тапсырмалары «СӨЗМЕРГЕН» деп аты айтып тұрғандай, берілген тапсырмаларға сөзді мергенше дәл әрі ұтымды қолданып, тек жылдам жауап беру талап етеді. Сайыс өте тартысты да тартымды өтті. «СӨЗМЕРГЕН» көңілді тапқырлар сайысында нағыз сөз шеберлері тіл додасына түсті. Сайыскерлер арасында өзге ұлт өкілдері өздерінің қазақ тіліне деген құрмет, ниетін айқын көрсетті. Әрбір сайыскердің көзінде тек жеңіс мәресіне қарай талпынған сезім, олардың жылдам әрі орынды жауап беруіне жол ашып отырғандай болды. Cондықтан ұтқыр ой, жылдам сөз саптау, берілген жағдаяттан шебер сөздер арқылы шығу, мақал-мәтелдерді орнымен қолдану сайыскерлерді жеңіс мәресіне жеткізді.

           

Сайыс қорытындысы дайын болғанша «Көк тудың желбірегені» әні көрермендермен бірге шырқалды.

Сайыс қорытындысы бойынша «Талапкер» тобы жеңіске жетіп, «СӨЗ МЕРГЕН» аталымына ие болды.

Ал «Жұлдызды менеджер» тобына «Алынбайтын қамал жоқ» аталымы берілді. Барлық ойыншыларға АлМУ-дың арнайы сыйлықтары табыс етілді.

Әрбір елім, тілім деп соғатын жүрегі бар өрендерге сөз құдіретін, қадір-қасиетін сезіндіріп қана қоймай, сөз байлығын өзінен іздеуіне түрткі болатын осындай тілге қатысты іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болары хақ. Аты тарихта таңбаланған тарихи тұлғаларымыз, би-шешендеріміздің ізі өзіміз екенін ұмытпағанымыз абзал. Тіліміздің тұғыры биік, мәртебесі жоғары болсын!

 

Ұйымдастырушылар

ф.ғ.к., доцент Өтемісова Г.Ж,

ф.ғ.к., доцент Акимбекова Г.Ш.,

аға оқытушы Акимкожаева Ш.К.

Бөліс: